Өзбекстанда Қазақстан жылының ашылу салтанаты

Ағымдағы жылдың 15 сәуiрiнде Ташкент қаласында екi мемлекет басшысының қатысуымен Өзбекстанда Қазақстан жылының ашылу салтанаты өттi. Қазақстан Республикасы делегациясының құрамына ел өңiрлерiнiң өкiлдерi, оның iшiнде Солтүстiк Қазақстан облысының өкiлi, «Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң кәсiпкерлiк және туризм басқармасы» КММ басшысы Жарова Құралай Амангелдiқызы кiрдi.

Ашылу салтанаты аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жетi қыры» мақаласының негiзгi ережелерiн ашатын «Ұлы Дала мұрасы» атты көрме өткiзiлдi.

Көрмеде республикалық маңызы бар ТОП-10 басым туристiк аумақтары, олардың iшiнде Имантау-Шалқар курорттық аймағы, сондай-ақ ҚР Ұлттық музейiнiң қорынан Қазақстанның ежелгi өнерiнiң жауһарлары, соның iшiнде Есiк Алтын адамы, Берел қорғандарынан ат пен ат жабдықтарын қайта жаңарту, «Тақсай ханшайымы», «Әзiрет Сұлтан» мемлекеттiк тарихи-мәдени қорық-мұражайының бiрегей экспонаттары ұсынылды.

Мақаланың шыққан күні: 19.04.2019
Қаралым саны: 1869