С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры

Театр кассасы күн сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс істейді.

Репертуар және билеттердің болуы туралы анықтамаларды мына телефон арқылы алуға болады: (7152) 39-50-64.

Билеттерге тапсырыс беру және брондау (7152) 39-50-64, 41-25-32 телефондары арқылы, сондай-ақ өтініміңізді электрондық мекенжайға жіберу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін kmdt-smukanov@yandex.kz

Сайт: https://kaz-teatr.kz/

Директор: Жалғасбаев Біржан Нұрмаханұлы.

Мекен-жайы: 150005, Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қ., Ж.Жабаев к-сі, 88.

Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры 2000-жылы режиссер О. Ақжарқын-Сәрсенбектің жетекшілігімен, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасымен ашылған.

Қара шаңырақ алғаш құрылған жылы белгілі режиссер О.Ақжарқын-Сәрсенбек бастаған Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ түлектері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі тұсауын кескен жас театрға қызметке орналасады. Қара шаңырақтың ашылуы қазақтың ұлы жазушысы, жерлесіміз Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына сай келгендіктен, театрға оның есімін беру туралы шешім қабылданды. Содан бері театр аз жылдар ішінде ауыз толтырып айтуға тұрарлық қойылымдарды сахналап үлгерді. Айталық, С.Мұқановтың «Аққан жұлдызы», Т.Минуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі», Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты», С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы, М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиғасы», Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», А.Кирийдің «Зона немесе шибөрілері», К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісі», М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар-айы», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегі», Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісі», Б.Мамытбековтың «Ноғайбай», А.Құнанбаевтың «Толық адам» , К.Гольдонидің «Венециялық егіздер» , А.П. Чеховтың «Актерлік өлім»,Н. Әбділдің «Ысқақ», Ж.Аймауытовтың «Сылаң қыз», С.Жүнісовтің «Елім - ай» С.Моэмнің «Ең жақсы әйел», А.П.Чеховтың «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы», Б.Нушичтың «Қарапайым адам», М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Н.В.Гогольдің «Шинель», Н.В.Гогольдің «Жындының жазбалары» т.б. Театрдың аз уақытта жеткен жетістіктері де аз емес.

2001-жылы IX Республикалық театр фестивалінде М.Байджиевтің «Қылмыстық оқиға» қойылымымен Гран-приді жеңіп алды. Актер Д.Садуов Республикамыздың 10 жылдық мерейтойына арналған медальмен марапатталды.

2002-жылы Ғ.Мүсіреповтің туындыларына арналған Х Республикалық театр фестивалінде Б.Жалғасбаев пен Н.Мағауина «ең үздік Қозы» және «ең үздік Баян» номинациясын жеңіп алды. Актер Б.Жалғасбаев Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды және сол жылы актрисалар Н.Мағауина және А.Алтыбаева «Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты» атағын алды.

2003-жылы Каирде өткен XV Халықаралық театрлар фестивалінде «Шың басында» атты экспериментті қойылым үздік ондық қатарынан орын еншілеп, Құрмет грамотасымен марапатталды.

2004-жылы XII Республикалық театрлар фестиваліне М.Ғаппаровтың «Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші» қойылымымен қатысып, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек «Үздік режиссер» номинациясын еншіледі.

2005-жылы Қ.Жандарбеков пен Қ.Байсейітовтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған XIII Республикалық театрлар фестиваліне Д.Исабековтың «Тыныштық күзетшісі» қойылымымен қатысып, сахнагер Е.Шүкіров «Актерлік дебют» номинациясын иеленді.

2006-жылы Б.Жалғасбаев ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет белгісі «Мәдениет қайраткері» атағын алды.

2008-жылы Н.Жантуриннің 80-жылдық мерейтойына арналған XVI Республикалық театрлар фестиваліне А.Володиннің «Қос жебе» қойылымымен қатысып, 2-ші орынды еншіледі.

2010-жылы ұлы жазушы С.Мұқановтың 110 жылдық, театрдың 10 жылдық мерейтойына орай ҚР Мәдениет министрлігінің бекітуімен А.Супатаева, Б.Шамбетов, М.Ақжолов, Н.Сәрсебаев, Б.Мамытбеков, Ш.Айтибаева, К.Ақжолова «Мәдениет қайраткері» құрмет белгісімен марапатталды. 

2011-жылы Театр оқу орындары мен театр жастарының 1-аймақтық эксперименталдық фестиваль-лабораториясына Т.Жүженоғлының «Тығырық» қойылымымен қатысып, үздік деп танылды.

2012-жылы І.Омаровтың 100 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне «Қыз Жібек» қойылымымен қатысып, актер Б.Жалғасбаев «Үздік ер бейнесі» номинациясы бойынша марапатталды. «Ізденіс іздерімен» атты эксперименталдық театрлар фестиваліне О.Богаевтың «Dаwn-Wаy» қойылымымен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясы бойынша актерлер М.Құсайынов, Н.Сәрсебаев, М.Айтмұхамбетова фестиваль үздіктері атанды.

2014-жылы С.Майқанованың 100 жылдығына арналған Республикалық театр фестиваліне Софоклдың «Эдип патша» қойылымымен қатысып, актер Б.Шамбетов «Үздік ер бейнесі» номинациясын жеңіп алды. 

2015-жылы Бішкек қаласында өткен V Халықаралық "Арт Ордо" фестиваліне Гогольдің «Ревизор» спектаклімен қатысып, "Сыншылар көзайымы" номинациясымен марапатталды. Ал театр актері Б.Шамбетов "Ең үздік Ер бейнесі" номинациясын иеленді.

2016-жылы «Әбіш әлемі» театрлар фестивалінде Ә.Кекілбаевтің «Махаббат мұнарасы» дала балладасы «Актерлік ізденістері үшін» номинациясын иеленген.

2017-жылы КСРО Халық артисі, режиссер Ә.Мәмбетовтің 85 жылдығына арналған "Сахнадан сәлем" V халықаралық театр фестиваліне Р. Отарбаевтың «Қасірет» психологиялық драмасымен қатысып, дипломмен марапатталды. 

2018 жылы осы спектакльмен Румынияның Бухарест қаласында өткен «Fest in pe Bulevard» халықаралық фестивалінде өнер көрсетті. Астананың 20-жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың 120-жылдығына арналған VII Орталық Азия елдерінің Халықаралық театр фестивалінде «Қарагөз» soundrama жанрындағы қойылымымен өнер көрсетіп, «Классиканың үздік заманауи интерпретациясы» номинациясымен және Алматы облысы әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды. Ал театр актрисалары Аида Супатева Мөржан рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы әйел бейнесі» номинациясымен, Мадина Өсербаева Қарагөз рөлі үшін «Үміт» номинациясымен марапатталды. 

2019 жылы ІІ республикалық Рүстем Есдәулетов атындағы театр фестиваліне «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатысып, «Үздік спектакль» бас жүлдесімен және 1 млн теңгелік сертификатпен марапатталды.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған IV халықаралық «Balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалінде М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» спектаклі «Гран При» жүлдесіне ие болды.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай және Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ сазды-драма театрының 25 жылдығына орай, театр ұжымы ІІІ аймақтық театр фестиваліне «Қарапайым адам» комедиясымен қатысып, «Үздік ансамблі» номинациясымен марапатталды. 

Ағымдағы жылдың қазан айында Қарағанды облысында өткен, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Әшірбек Сығай атындағы «СЫН – ШЫН БОЛСЫН» республикалық театр фестиваліне «Толық адам» қойылымымен қатысып, театр ұжымы, Қарағанды облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

2022 жылы Ақтөбе қаласында өткен V халықаралық «Балауса-2022» эксперименталды спектакльдер фестивальінде Б.Нушичтың «Қарапайым адам» спектакльімен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленді.

Алматы қаласында өткен «Халықаралық сыншылар бірлестігінің» атынан тағайындалатын «Сыншылар жүлдесінің» марапаттау рәсімінде театрымыздың белді актеры А.Разиев Н.В.Гогольдің «Жындының жазбалары» повестіндегі Поприщин ролін сомдаған қойылым «Жылдың үздік моноспектаклі» номинациясына ие болды. Осы спектакльдің режиссері Д.Адыкеновтың тырнақ алды туындысы театрымыздың тарихында алғыш қы моноспектакль болып табылады

2023-жылы Н.Думбадзе атындағы IV Халықаралық театрлар фестивалінде Б.Абдураззаковтың режиссерлігімен қойылған Н.Думбадзенің «Кукарача» қойылымы Ең үздік интерпретация номинациясын жеңді және театр актрисасы Ж.Насырова әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Инга рөлімен «Үздік шетел актрисасы» атанды.

Сонымен қатар театрымызда есту қабілеті нашар адамдардың құрамымен құралған “Sensetive” би театры бар. Ольга Николаевна жетекшілік еткен би ұжымы бірнеше мәрте шет елдерде өнер көрсетіп елімізге қоржындарымен оралған.

2019 жылы ансамбль БАӘ-нің Дубай қаласында өткен халықаралық хореография конкурсында еститін қатысушылар арасында Гран-При және конкурстың әртүрлі пәндері бойынша үш бірінші орынға ие болды, сондай-ақ тәжірибе алған, биді орындау деңгейін, шеберлікті арттырған алыс және жақын шетелдердің атақты хореографтарымен, театр өнерінің режиссерлерімен шеберлік сыныптары өтті. 2021 жылдың мамыр айында Нұр-сұлтан қаласында "Silk way" халықаралық хореографиялық өнер фестиваль-байқауында Гран-при және екі бірінші орын, бір екінші орын иеленді.

2022 жылдың қаңтар айында Египет елі Хургада қаласында «Шоу мир дом солнца Египет» Халықаралық байқау-фестивалінде Гран-при және екі бірінші орын, бір екінші орын иеленді.

Wcopa «Всемирный чемпионат мира искусств» хореографиядан Әлем чемпиондары: Гран-При, 1 орын ("Танго" еуропалық бағдарламасы), 2 орын ("Самба"Латын Американдық би бағдарламасы).

Одан бөлек еліміздің әртүрлі қалаларында фестивальдарға шығып, жүлделі орындармен марапатталған. Нақтылап айтқанда, Астана қаласында «Ерекше театр» жобасының аясында Астана қаласының мемлекеттік академиялық филормониясының сахнасында «Мы с тобой одной крови» атты әлеуметтік драманы көрермен назарына ұсынып, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев тамашалап, би ұжымына және жетекшісі Ольга Николаевнаға алғыс білдірді.

Ағымдағы жылдың шілде айында Испания елінің Льорет-де-Мар қаласында өткен халықаралық «SEA SUN FESTIVAL» байқауына қатысып, бас жүлдені иеленді.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында актерлық құрамынан бөлек «Камералық оркестр» мен «Алуа» би ансамблі қызмет атқарып жатыр. Қойылымдардың музыкалық жанын кіргізіп, жазылған саздың ырғағына нәзік жанымен би түсірген биші тобымыз қойылымның сәнін келтіреді.

Театр өнерінде өзінің жаңа көзқарасымен жоғары бағалар алып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры әлі талай сайыстарда жұлдызы жанып, биік шыңдарды бағындыратынына сеніміміз мол. 

Мақаланың шыққан күні: 12.09.2018 12:56

Парақтағы соңғы өзгерістер: 22.04.2024 15:04