Туристер ағыны жоғары кезеңде Апта сайын Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, Солтүстік Қазақстан облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы кіретін тұрақты мониторингтік топ Имантау–Шалқар курорттық аймағында жұмыс жүргізуде.
Тұрақты негізде ұлттық парктің бақылау-өткізу бекеттерінің жұмысына және олардың өткізу қабілетін арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға мониторинг жүргізілуде. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі төлем жасау тәртібі мен тәсілдерін түсіндіретін ақпараттық баннерлер орнатты.
Келушілердің басым бөлігі төлемді алдын ала Kaspi Bank немесе Halyk Bank қосымшаларындағы «Төлемдер» бөлімі арқылы онлайн форматта жүзеге асырады. Бұл бақылау-өткізу бекеттерінен өту кезінде күту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бақылау-өткізу бекеттерінде келушілерге тегін Wi-Fi ұсынатын модемнің сигналы күшейтілді. Бұл онлайн төлем жасауды жылдам әрі ыңғайлы жүргізуге ықпал етеді. Барлық бақылау-өткізу бекеттерінде қонақтарға төлем жасауға көмектесетін еріктілер жұмыс істейді.
Орта есеппен үш минут ішінде шлагбаум арқылы шамамен 15 автокөлік өтеді. Бұл туристер легі жоғары кезеңнің өзінде бақылау — өткізу бекеттерінің өткізу қабілетінің жоғары екенін көрсетеді.
Еске саламыз, ұлттық парк аумағына кіру ақысы тек қолма-қол ақшасыз тәсілмен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, мониторингтік топ курорттық аймақта орналасқан демалыс базаларын аралап шығуда. Нысандардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, материалдық-техникалық базасының жай-күйі және қонақтардың жайлы демалуына жасалған жағдайлар тексерілді.
Демалыс базаларының меншік иелері көрсетілетін қызметтердің сапасын және өңірдің туристік тартымдылығын арттыру мақсатында нысандарды кеңейту және жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда.
Туристік полицияның екі модульдік бекетінің құрылысына ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта іргетасы құйылып, металл конструкцияларын құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа бекеттер Имантау және Шалқар көлдерінің маңына орнатылып, туристер мен өңір тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға әрі жайлы демалуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.